Семейде қала әкімінің кубогі үшін республикалық пікір-сайыс турнирі басталды. Дәстүрлі түрде өтетін шараның ұйымдастырылуына  бұл жолы «Шығыс жастары» қоғамдық қоры ұйытқы болған. Турнирге мұрындық болған қоғамдық қор   «Астана – орындалған арман» тақырыбы ой талқысына түскенін қалайды.

Әліби Абдруаимов, «Шығыс жастары» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

– Пікір-сайыс турнирінің тақырыбын «Астана – орындалған арман» деп таңдауымыз бекер емес.  Қатысушылар  ел астанасының тыныс-тіршілігіне  мән беру қажет. Себебі күллі әлем көз тіккен елордада өзекті жайттар болмауы тиіс. Міне, сондықтан да біз жас спикерлердің бас шахардағы басты мәселелерді баса айтып, бақытты шаққа  бастайтын бағдар сілтегенін жөн санаймыз.

Шахардағы  Шәкәрім атындағы  білім ордасында  өтіп жатқан турнирге Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов та  қатысты. Шара барысында  студенттік шағы өткен оқу ордасымен  қауышқан ол барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Нұржан Есенжолов, Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Дебат тынымсыз ізденіс пен алғырлықты талап етеді. Сендер қоғамдағы келелі мәселелерге жіті тоқталып, шығу жолдарына дейінгі аралықты ой сүзгісінен өткізесіңдер. Бұл сендердің кез келген ортада ақ-қараны оңай айыра біліп, оңтайлы шешім қабылдауларыңа өз көмегін тигізеді. Сондай-ақ дебатты өз алдына бір  жанұя деп айтсақ та болады. Өйткені республиканың әр өңірінен келген спикерлер сайыс барысында айнымас досқа айналып кетеді. Барлықтарыңа сәттілік тілеймін.  

Турнирде  Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Тараз, Өскемен қалаларынан келген  жүзге жуық қатысушы  сөз таластырмақ. Сайыскерлер  қатарында  Алматы қаласынан келген  «Ақиқат» дебат клубының мүшесі Ұлағат  Өмек те бар. Ұлағат бірқатар республикалық дебат турнирларының үздік спикері атанған. Ол бүгінгі доданың да  дүлдүлі  болуға  үмітті.

Ұлағат Өмек, қатысушы:

– Мен республикалық деңгейдегі екі турнирге қатысып, жүлдегер атандым. Өзім, әсіресе,  еліміздегі діни мәселелер, жаңа технологияларды игеру, қазіргі Қазақстанның әлеуеті тақырыптарына дайындалып келдім. Негізі дебатта  жұп болып сайысқа түсесің.  Менің спикерім Алматыдан келе алмай қалды. Алайда бұл олқылықтың орны толды.  Жаңа ғана Семейден менімен бірге ойнайтьн спикер табылып, қуанып жатқан жайым бар.     

Республикалық деңгейдегі пікір-сайыс турнирі  екі күнді қамтиды. Қатысушыларға  жарыс соңында марапаттау қағаздары, арнайы кубоктармен  қатар   қаржылай сыйлықтар табысталмақ.

ҮЛЕС