Семей қаласындағы Абай кітапханасында «Қайым Мұхамедханов атындағы білім  және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының директоры Дина Қайымқызының «Менің анам – Фархинұр Мұхамедханова» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара әйгілі абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың жұбайы Фархинұр Мұхамедханованың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Тағылымға толы кеш Ғабдолла Тоқай және Қайым Мұхамедхановтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұл Қайым мен Фархинұрдың  өнегелі өмірлері – қазақ пен татар ұлтының достастығын нығайта түскендігін  аңғартса керек.

Кітап құрылымы  ғалым жұбайына арналған естеліктер, мақалалар мен арнаулардан тұрады. Жинақтағы  ақын Әбубәкір Қайранның  жазушы жарына  арналған өлеңінде  әйел-ана символы, сұлулық пен адалдықтың, отанасының нышаны барынша ашылып бейнеленген.

Тұсаукесерге Мұхамедхановтар отбасы, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, мұражай қызметкерлері, кітапханашылар мен БАҚ

өкілдері қатысты.

Ұрпаққа берер тәлімі мен тәрбиесі мол  кеште жергілікті татар өнер мектебінің татар тіліндегі әндері шырқалды. Сондай-ақ филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Сұлтанбековтың Фархинұрдың 100 жылдық мерейтойына арналған өлеңі көрермен көңілінен шыға білді. Шара барысында кітапты құрастырушы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Дина Мұхамедханға сөз берілді.

– Семей мешіті имамының қызы, Ташкенттік діни қызметкерлерінің шөбересі болған Фархинұр әманда әділеттіліктің барына сенген.  Оның тағдыры  қиындық пен қасіретке толы Қайым ғұмырымен бірге сабақтас. Ол тек адал жар ғана бола білмей, Қайымның құнды мұраларын сақтаушы болып келді. Менің анам Фархинұрдың арқасында тарихи шындық, ғылымдағы шындық өлген жоқ. Түпнұсқа суреттер мен қолжазбалар,  мыңдаған шығармалар, мұрағаттағы анықтамалар, дәлелдеме құжаттар – бұл қазақ тарихындағы бағасыз жәдігерлер болып табылады.

Осылай тамыры тереңге тартқан қарт тарихпен астастып жатқан қазақ пен татар бауырластығы бас қосып, кеш соңында Қайым Мұхаметхановтың әр ісіне шексіз сенім білдірген қайсар да адал жары, тіпті ғалымның қуғындалуын өз басынан өткерген Фархинұр Мұхамедханованың рухына арнап ас берді.

 

ҮЛЕС