Семейдегі хоспистің  ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп келе жатқанына тұп-тура бір жыл болған.  Аталған  уақытта өңірдің 541 тұрғынына  паллиативтік медициналық көмек көрсетілген. Аталмыш медициналық көмек  емделмейтін ауруға шалдыққан жандарға арналады.  Мұндай қызмет түріне  диспансерлік бақылауда тұратын  төрінші клиникалық  топ қатерлі ісігіне шалдыққан жандар, арнайы ем шарадан кейін дәрілік оңалтуды қажет ететіндер, сонымен қатар  үдемелі созылмалы аурулары бар науқастар жүгінеді. Айталық, жүрек қан тамырлары ауруларына шалдыққан, яғни инфаркт алған, ұдайы қан қысымы көтерілетін жандар үшін міндетті  түрде күтуші қажет. Ал  күтуші науқас жанға  қаншалықты медициналық  көмек көрсете алады? Міне, шахардағы хоспис осы мәселенің алдын алады.

Ғалия ЖУАСБАЕВА

«Семей қаласының Хосписі» КМҚК  бас дәрігері:

 –  Мекемеде жоғары санатты дәрігерлер мен мейірбикелер жұмыс істейді.    Науқастармен  олардың  туыстары арасында күнделікті психологиялық жұмыстар атқарылады.  Мұнда  санитар мамандар өте көп. Өйткені науқастар өздігінен қозғала алмайды.  Жеке гигиеналарын сақтауда сүйеніш болатын мамандар емделушілердің көңілін аулап,  шаштараздық қызмет те көрсетеді.  Ғимаратта теледидармен қатар, оқимын деушілерге кітаптар да бар.  Келушілерге  кез келген уақытта  хоспис есігі ашық. Олар өз жақындарына күн мен түнді елемей келе  алады. Өкінішке орай, хосписте   науқас жандарға палата шектеулі. Мұнда небәрі  отыз орын ғана. Кейбір науқастарға  дәлізде ем көрсетеміз.

Мекеме замануи  медициналық  жабдықтармен қамтылған. Әрбір  палатада функционалдық төсектер, ойылуға қарсы матрастар, арбашалар, төсекке қойылатын үстелдер, бактерицидті лампалар бар.

Тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар, ауа желдеткіштер, су кулерлері сатып алынған. Әр науқастың жанында дабыл қаққыш тетіктер орнатылған.

Тыңдамасов Әлімхан жұбайына келді. Жасамыс ақ халаттыларға ағынан жарылып ақ жарма тілегін арнамаса, басқа  айтары жоқ.

– Жатқан адамды күту деген өте қиын. Мен қайдан күтемін? Өзім жалғызбын. Жасым сексеннен асты. Хоспис қызметкерлеріне деген алғысым шексіз. Көрсеткен қызметтерінен титтей де кінәрат таппадым. Әсіресе,  емханаға кірер жолдағы құлпырған гүлді, шыршалы  алаңқай  көңіл-күйіңді көтереді. Іште жатқан жақын адамың да осы  жайқалған гүлдердей  дәрігерлердің арқасында жайнаған болар деп ойлайсың.

Ақсақал сөз еткен  көгалды алаңды  хоспистің салынуына  демеу көрсеткен медициналық ұйымдар мен меценаттар абаттандырған. Еске салайық,  мамандандырылған медициналық мекеменің құрылысы және жабдықталуы Ирландия мемлекетінің «Дело большее чем Чернобыль» қайырымдылық  қоры және облыстық әкімдіктің  қаражаты арқылы жүзеге асырылған.

 

ҮЛЕС