«Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында Семей қаласының облыстық  тарихи-өлкетану музейінде  «Шілікті  Алтын адамы» көрмесінің тұсаукесері өтті. Көрменің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтары, қоғам қайраткерлері, әріптестер, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты. «Шілікті Алтын адамының» тұсау кесер рәсімінің лентасын этнограф, шежіреші, Молдабек Жанболатов,  қоғам қайраткері Құсмілия Нұрқасым, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Амантай Исин қиып, өз пікір –тілектерін білдірді.

«Шілікті Алтын адамы» 2004 жылы табылған.  Жерлену мерзімі б.з.д. 8-ші ғасырға жатады, және бұл «Алтын адам» Есік қорғанынан табылған «Алтын адамнан» 400 жылға көне. Археолог Әбдеш  Төлеубаевтың  сөзіне қарағанда, ағаш қабір тас қорғанға жасырынып, беті топырақпен жабылған. Құрылым қысқартылған пирамида түрінде болды. Мазардың ішінен 4303 алтын бұйымдары табылды. Көшірменің авторы суретші-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық зертханасының негізін қалаушы және жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының академигі Қырым Алтынбеков.

Құсмілия Нұрқасым, қоғам қайраткері:

– Қоғамның жоғарғы өкілдерін «Алтын киіммен» дәстүрлі безендіру, негізінен, сақ-скифтердің дәуіріне тән болатын. «Шілікті Алтын адамының»  киімі оның әлеуметтік-таңбалық қызметіне сәйкес патшаның, ханның немесе басқа да билеушінің мәртебесін айшықтайды, сондай-ақ олардың көзқарастарындағы әлемдік модельді көрсетеді. Құнды жәдігердің киімін безендіруде қолданған қасиетті жануарлардың бейнелері алтынмен, ерекше қасиеттілік белгі, тұмар түрінде жасалған.

«Шілікті Алтын адамының» ғылыми көшірмесін жасауда автор Ұлан өлкесінен табылған жәдігерге сүйенген. Бұл бірегей заттардың  қолданылу  мақсатын түсінуге мүмкіндік береді, өйткені олар қабірде көне мұзда сақталған.  Бұл бағытта Ежелгі Еуразия халықтары, костюмнің көрнекті зерттеушілері С.Я. Яценко, М.Ф. Горелик, Г. М. Майдиниво, Н. П. Лобачева және басқалардың авторлық зерттеулері, еңбектері, үлкен көмек болып, бағдар берді. «Шілікті алтын адамының» киімін қайта қалпына келтіру бізге көне сақ билеушісінің бет-жүзін көзімізге елестетіп көруге мүмкіндік береді.

 

ҮЛЕС