Семейде Қазақстан Республикасы халқының Тілдері күні мерекесі аясында  алаш арысы  Мағжан Жұмабаевтің 125-жылдығына   арналған «Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? » атты қалалық жас  ақындар мүшайрасы өтті  Шара мақсаты Президентіміз  Н.Ә. Назарбаевтің  «Болашаққа  бағдар; рухани жаңғыру»  мақаласы  аясында  ұлттық сананы көтеру, қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мәдениетін қазақ жастарының бойына сіңіру болып табылды. Салтанатты шараны ұйымдастырған  Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен халықтық «Ой-сана» жазба ақындар орталығы.

Серік Молдабеков,  Халықтық «Ой-сана» жазба ақындар орталығының жетекшісі:

– Ұлттық  әдебиеттің көрнекті өкілі, бір бойына сан өнерді тоғыстырған сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтің  шығармашылық мұраларын зерделеу – ұрпақ парызы. Біз жас ақындар арасында  сөз өнерінің қастерлі саласы ақындық өнерді дамытып, шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемін анықтағымыз келеді. Поэзиядай бекзат өнеріміз арқылы  талантты  жастардың көзін ашып, қолдау көрсетіп халыққа танытсақ деген мақсатта жас ақындардың басын қосып, жыр додасына қосып отырмыз.

Жыр мүшәйрасына  Семей қаласының жоғары оқу орындарының студенттері  қатысты.  Қазылар алқасының шешімімен қатысушы  үміткеркерлер алдын-ала іріктеліп алынды.  Әдеби кеште мүшәйраға қатысушы ақындардың әдеби тіл байлығына, мәдениетіне, тақырыпты дұрыс аша білуіне, жырдың көркемдігіне ұтқыр сөз, ұтымды ойларына мән берілді. Ақынның жеке шығармашылық мүмкіндігін толық ашуы, сөздік қорының молдығы, жырларының тақырыпқа сай болуын қазылар алқасы  есепке алып отырды. Мүшайра қорытындысы бойынша бірінші орынды  Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің студенті  Темірлан Еркінұлы жеңіп алды. Шараға  қатысқан жас  ақындар дипломмен марапатталып, сый-сыяпаттарға ие болды.

ҮЛЕС