Ресейдің Ишим  қаласында есту қабілеті нашар  балалар арасында сурдодзюдо күресі түрінен ашық турнир өткен болатын. Көршілес елге бақ сынауға барған  төрт семейліктің төртеуі де жүлдемен оралды.

Атап айтсақ,  Азамат Асқаров пен Фарес Петров алтын медальды өзара сарапқа салды. Бұл  ретте Азаматтың бабы келісіп, жарыс жеңімпазы атанды. Фарес болса, тиісінше екінші орынға жайғасты. Ерасыл Нұрахунов 73 келі дәрежесінде қола медальды олжаласа, 46 келідегі Дамир Құсайынов үздік үштікті қорытындылады. Жас балуандар “Тарлан” спорт кешенінде жаттығады.

Байрақты бәсекеде елімізден Семей қаласынан басқа, Астана, Орал қалаларының және Жамбыл облысының балуандары да  күш сынасты. Жалпы, жарысқа қатысушылардың ұзын саны 80-нен астам.

Мадина ТОҚТАМЫСОВА, дзюдо күресінен  бірінші санатты бапкер: 

– Есту қабілеті нашар балалармен жұмыс жасау өте қиын. Айталық, спорт кешенінде жаттықтырып жүргенде бұл қатты байқалмайды, Ал жарысқа барғанда оларға психологиялық тұрғыдан көмек беру, бойларына рух дарыту маған  қиынға соқты. Мен жарысқа қатысушылармен өзім ғана бардым. Бірақ олардың еңбекқорлығы, әр іске аса үлкен жауапкершілікпен қарағаны кез келген жанды таңқалдырмай қоймайды.  Ендігі біздің мақсат – паралимпиада ойындарына қатысып, қазақтың туын көкке желбірету.

ҮЛЕС