Семейде Тұңғыш Президент күніне орай  ұстаздар арасында  тоғызқұмалақтан сайыс ұйымдастырылды. Аймақтық деңгейде өткен шараға  мектеп және колледж мұғалімдерінен құралған  8 команда қатысты. Әр команда үш ойыншыдан құралған.

Қатарынан жетінші рет өткізіліп тұрған шараның ұйымдастырушысы Семей аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы.

Арай СОЛТАБАЕВ, бас төреші:

Семей қаласының әр аймағынан қатысушылар жыл да келеді. Бұл ойынның  тартысты  болуынан, сірә. Ұстаздар қауымы осы жарыстан шағын бір  орта тапқандай әсер қалдырады. Бұл жолы да ауа райының қолайсыздығына қарамай, Үржар, Аягөз, Абай өңірінен келген білім берушілер қауымы көп. Ойын қызу тартыста өтіп жатыр. Былтыр Семей командасы көш бастаған. Биыл Абай ауданының бәсі жоғары. Өкініштісі, аймақтық деңгейден кейін облыстық сайыс  болмайды. Біз  болғанын қалаймыз. Біздің біріншіліктен жеңіске жеткендер өз бақтарын тағы да сынағысы келеді. Сол жағы ақсап тұр.

Кенен Арқабаев Үржар ауданы, Қабанбай ауылындағы Жарбұлақ орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін  жарыстың біреуінде өткізіп көрмеген. Қатардан қалмай қатысып келеді. Айтуынша, сайыстан жүлдесіз қайтқан кезі болмапты. Алайда, қабанбайлық мұғалім бұл сайыста Абай ауданының ойыншысына есе жіберіп алды.

Кенен АРҚАБАЕВ, Жарбұлақ орта мектебінің мұғалімі:

– Биыл Үржар ауданында тоғызқұмалақ федерациясының кубогі сарапқа салынған болатын. Облыстық турнирде командалық есепте Үржар командасы үшінші орын алды. Команда құрамында Жарбұлақ орта мектебінің оқушылары да болды. Бұл нәтижелі көрсеткіш. Мен ақыл-ойды дамытар спорт түрін өміріне серік еткен оқушыларыма тәжірибелі бапкер болуым керек. Сол үшін де  бұл жарысқа келемін. Біреуге ұпай беріп жеңіліп қалсақ та, тәжірибе алмасып қайтамыз. 

Тоғызқұмалақ ойыны айналмалы жүйеде өтті. Сайыс соңында қатысушыларға марапаттау қағаздары мен жеке кубоктар табысталды.

 

ҮЛЕС