Шандоз шаһардағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасы және Ұлы дала шежіресі» атты танымдық-патриоттық мерекелік жүздесу кеші болып өтті.  Мақсат – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жүзеге асыруда еліміздің дамуына үлес қосып жүрген орта буын өкілдері – білім, мәдениет және ақпарат саласында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан мамандардың әңгімесі арқылы егемен елдің шежіресін жұртшылыққа паш ету.

Тәуелсіздік шежіресінің куәгерлері Аманғали Тілеубаев, Сайра Нүсіпбаева, Болат Хамзин егемендіктің алғашқы жылдары мен бүгінгі күні дамудың биік белесіне көтерілген мемлекетіміздің хал-ахуалы жайында студенттермен өзара сұхбат құрды.

Азаттық, тәуелсіздік хакім Абайдың арманы. Сахара даласының алып ойшылы Абай арманы бүгінде ақиқатқа айналып отыр. Осы тақырыпта студенттер өз ойларын ортаға салып, қатысушы меймандарға сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Сонымен қатар, шара барысында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің жанынан құрылған «Абай» өнер мектебіне шәкірттерді қабылдау рәсімі ұйымдастырылды.

Аманғали ТІЛЕУБАЕВ, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік универсиеті ректорының қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі:

– Бұл кездесудің жастарға берер тәлімі мол. Біз Елбасының сарабдал саясатын жастарға түсіндірдік. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлымен әр түрлі шараларда кездескен сәттен алған  өз әсерімізді көрерменге барынша шынайы жеткіздік деп ойлаймын. Ондағы толқыныстар, Елбасының адами іс-әрекеттері жадымда әлі күнге дейін сайрап тұр.

Шара соңында сұхбатқа қатысушы қонақтарға және жастарға кітаптар мен абайтануға қатысты жарық көрген музей өнімдері табысталды.

 

ҮЛЕС