Қаладағы Невзоровтар отбасы атындағы ШҚО бейнелеу өнері музейінде Тұңғыш Президент күніне арналған «Рухани жаңғыру» фотосуретшілердің объективінде» атты облыстық көркем фотосурет көрмесі ашылды. Көрмеге Өскемен және Семей қалаларының кәсіби және әуесқой,  жалпы саны 29 фотограф қатысты. Көрермендер назарына «Сакралды география», «Туған жер», «Сүйікті қала», «Менің замандастарым» бөлімдері бойынша  101 жұмыс ұсынылды.  Көрмеге қойылған фотосуреттерге  музей мүшелері қазылық етіп, шара барысында үздік фотографты анықтады.

Анна ШЕВЦОВА, Невзоров атындағы ШҚО бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері:

– Біз фотосуретке техникалық тұрғыдан, яғни суреттің сапасына аса мән бермедік. Керісінше, шығармашылық жағынан, фотографтың тақырыпты қаншалықты аша алғандығына басым назар салдық. Біз ең қарапайым нәрселерден әдемілік пен үйлесімділікті көру шеберлігін бағаладық.  Дәстүрлі түрде  өтетін шараға жасы он бестен  жоғары фотосуретшілер қатысты. Алдағы уақытта, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қалалық деңгейде суретшілер арасында көрме ұйымдастырмақпыз.

Мерей Қайнарұлы көрмеге қатысуға  Өскемен қаласынан келіпті. Облыстық «Дидар» газетінің тілшісі мақала жазғанда суретке аса мән береді екен. Ол фотосуретшілер де пікір алысар бір ортаны қажет ететіндігін  алға тартады. Сондықтан шығармашыл жандардың басын қосар мұндай көрмелер жиі өткізіліп тұрса, қатысушылардың саны артатындығын тіліне тиек етті.

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ, қатысушы: 

– Бұрын көп газетте арнайы фотоға түсірушілер болатын. Қазір бұндай қызмет түрі басылымдарда сирек болып кетті. Журналист мақаланы жетеріне жеткізіп жазатын шығар, бірақ кейбір  фотограф көретін құбылысты көре алмайды. Дәл фотосуретшідей тақырыпты аша алмауы мүмкін. Бұл да бір өнер. Бұл да бір мамандық. Өкінішке орай, қазір мақаладағы суретке де көп көңіл бөлінбейді. Менің ойымша,  суретте динамика болуы қажет. Сурет сөйлеп тұру керек!

«Әсем киінбеген», белгісіз, қарапайым адамдар келбеті, табиғи ландшафттар: дала, шөл, көлдер. Аса әсіреленбеген. Шынайы әрі керемет бейнеленген.  Әлемді ерекше көзқараспен қабылдайтын шығармашылық тұлғалар көрермендерге  осындай «объективті» көзқарасын ашты. Олардың шығармалары өзіндік көзқарас пен бейнені немесе сәтті көрсететін көркем фотосуреттер болып табылды. Әр түрлі жандар орындаған жұмыстар музейдің бір бөлмесін толықтай жаба  ілінді. Әр сурет туған жерімізге, оның тарихына деген махаббат пен сүйіспеншілікті біріктіреді. Облысымыздың әр аймағынан бас қосқан фотосуретшілер бір-бірінің туындысына баға беріп, өзара пікір алысып тарқасты.

 

 

ҮЛЕС