Семейде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін  қаласы әкімі Ермак Сәлімовтің сыйлығына арналған «Жыл таңдауы – 2018»  форумы  өтті. Шахар басшысы жыл үздіктерін марапаттауға асықпады. Ол  алдымен кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың көрмесін аралады. Көрмеде  «Лига Добра», «Career guidance», « В помощь мамам», «Elective», «Zhas Study» , «Бизнес-Инкубатор КазГЮИУ», «InWave» шағын бизнес жобалары таныстырылды.

Мысалы, Надир Сабитов  әр түрлі қалыпқа ие бинбэгтер тігумен биылдан бастап айналысып келеді. Ол пішінсіз үй мүлігіне керекті матаны Италиядан  алдырады. Қазіргі таңда қол астында  3 тігінші, 2 көмекшісі бар.

Салтанатты шараға әр түрлі аталым бойынша жыл жасы болуға үміткер жастар қатысты. Шахар басшысы кеш аясында қоғамда жастарға артар сенімнің мол екендігіне тоқталды.

Ермак СӘЛІМОВ, Семей қаласының әкімі: 

– Жастар  – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастар біздің толқынға қарағанда  креативті ойлай біледі. Шыны керек,  жастардың арасында  инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынып жүргендер көп. Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды алға тартады. Ол мұны кезекті жолдауында да анық  жеткізді. Осындай кештер жастардың жан-жақты қабілеттерін дамытары сөзсіз. Мен бүгінгі шара жастардың қоғамда белсенді болуына өз үлесін қосады деп ойлаймын.

Салтанатты шарада 11 аталым бойынша үздік жастар анықталды. Айталық, «жыл отбасы» аталымы бойынша  Қиықбаевтар жанұясы жеңімпаз болып танылды. Қуат Қиықбаев ХVI «Шабыт 2013» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма номинациясы» бойынша Гран-при иегері, республикалық «Аңсар-2014» проза байқауының бас жүлдегері.  Ол Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің ғылыми қызметкері. Ал жұбайы Әйгерім Қиықбаева Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде кітапханашы жұмыс болып істейді.

«Жылдың үздік спортшысы» аталымы  Тастамбеков Ержанға бұйырды.

«Жылдың үздік жас дарыны» марапаты  ақын Мерей Қартқа табысталды.  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы Семей өңірі филиалының төрағасы сахна төрінде  жырдан шашу шашты.

Алдыға кетіп арындап,

Сөз бастайын жалындап.

Қуанып бүгін қалдық қой

Бір марапат дарынды а(лы)п.

Жастар жылында жасасын

Семейдің жастары жалындап!  

Әр аталым бойынша  жеңімпаздарға  елу мың теңге ақшалай сыйлықтар табысталды.  Шара соңы би кешіне ұласты.

 

 

 

ҮЛЕС