«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  19-шы халықаралық «Көзге Иртыш моңнары»  фестиваль – байқауы өтті. Салтанатты шара татар халқының аяулы ұлы, публицист, дарынды жазушысы Туфан Минуллиннің шығармашылығына арналды. Фестивальде өнерпаздар жас санаты бойынша сынға түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қатысушылардың саны шамамен 500-ден асады. Олар Ресейдің Новосібір, Қазан, Томск қалаларынан және республикамыздың әр өңірінен өз бақтарын сынауға келген.

Фестиваль бағдарламасы 4 номинациядан құралған. Олар аспаптық музыка, вокалдың барлық түрі, хореография және көркем сөз оқулары. Шараны ұйымдастырушы  Ертіс өңіріндегі «Хак» татар және башқұрт қауымдастығының төрағасы, «Татар өнер мектебінің» директоры Габдулхақ Ахунжанов.

Габдулхак АХУНЖАНОВ, «Татар өнер мектебінің» директоры:

Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында, бүгінгі таңда Қазақстанды мекендеген әр этнос өзінің ұлттық мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндік алып отыр. Ресей және Татарстан өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан ауқымды мәдени шара осының бір айнымас көрінісі болса керек.

Екі күнге созылған фестиваль қорытындысы бойынша Мұқан Төлебаев атындағы колледждің дирижері Болат Распековтің жетекшілігіндегі  аралас хор мен симфониялық оркестр және  «Татар өнер мектебінің» ұстаздарынан құралған баян триосы жеңімпаздар болып танылды. Гран-при иегерлеріне мадақтама қағазынан бөлек 500 еуро ақшалай сыйлық табысталды.

Айта кетейік, «Көзге Иртыш моңнары» деген шара атауы қазақша баламасында «күзгі Ертіс әуендері» деген мағынаны береді. Ендеше, асау толқынды Ертіс ағысындай жаһандану уақытында дәстүрлі өнер фестивалі қос елдің басын қосып, өнер әлеміне бойлатып, талантты жандардың шыңдалуына өз үлесін қосқаны даусыз.

ҮЛЕС