Семейде  жылыту маусымы басталғалы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан тұрғын үйлерде өрт оқиғасы жиілеген. Мысалы, жыл басынан бері қалада 394 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 10 адам көз жұмды. 26 көк түтінге улану оқиғасы тіркелді. 46 адам зардап шексе, оның 12-сі бала. Ал жылыту маусымы басталғалы 3 улану фактісі тіркеліп, 4 адам қайтыс болды. 4 адам аруханаға түсті. Оның 2-уі бала.

Осыған орай, шахарда  тілсіз жаудың алдын алу мақсатында  аз қамтылған отбасылар тұратын үйлерге көмірқышқыл газы шыққан кезде дереу белгі беретін құрылғылар орнатылуда. Тегін акция өрт қауіпсіздігі шарасы аясында өткізілуде. Арнайы дабылқаққышты қалалық төтенше жағдайлар басқамасының бастамасымен, «Отбасы орталығы» қоғамдық қорымен  мамандандырылған компания орнатуда.

Арнайы құрылғылар алдымен көп балалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне орнатылуда. Шағын ғана құрылғы қуаттағыш арқылы іске қосылады.  Оның жұмыс істеу жүйесі  ғимаратқа көмірқышқыл газы тарағанда дыбыстық белгі берумен негізделген.

Қоғамдық қор өкілдерінің пікірінше, қайғылы оқиғалардың алдын алуда арнайы дабылқаққыштарды орнату қажет. Бұл, әсіресе, көп балалы отбасылар үшін ғана емес, көмірқышқыл газын шығаратын жылыту жүйесін пайдаланатын әр ғимаратта болуы тиіс. Құрылғылар көп балалы және аз қамтылған отбасыларға тегін орнатылуда. Тілсіз жауды сезсе “тіл бітетін”  құрылғыларды орнату жұмысы  қайырымдылық бағытындағы іс-шараларда жалғасын таппақ.

 

ҮЛЕС