Қатарынан екінші жыл «Әлем барысы» атанған Айбек Нұғымаровты жерлестері теміржол бекетінен атой салып қарсы алды. Биыл Алматы қаласында өткен  “Әлем барысында”  29 елден келген 33  балуан бақ сынаған. Жарыста қазақ елі атынан 5 балуан қатысты.

Финалда Қазақстанның екі балуаны – Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзафаров кездесті. Белдесу 4 минутқа созылды. Алғашқы минутта Айбек ескерту алып, Ерсұлтанның еншісіне бір ұпай жазылды. Мұзафаров екінші минутта әдіс жасап, ұпайын еселей түсті. Бірақ, үшінші минуттың ортасына қарай Айбек есепті теңестіруге жақындап, тартыс қыза түсті. Ақыры, Нұғымаров төртінші минутта таза жеңіп, жеңісті жұлып алды.

Айбек НҰҒЫМАРОВ, «Әлем барысы -2018» чемпионатының жеңімпазы:

Кездесулер жоғары  деңгейде өтті. Жеребе ауырлау болды. Біздің негізгі қарсыластарымыз моңғол, грузин, өзбек балуандары ғой. Бәріміз бір топқа түстік.  Алайда, жаратқан  бұйырып тұр екен. Бағым жанып, биік тұғырдан көріндім. Халық боп қарсы алып жатқан ағайынға алғысымды айтамын.

Жерлес балуанды мерейлі жеңісімен шахар басшысы Ермак Сәлімов те құттықтады. Қазақ күресінен әлемді мойындатқан Айбек Нұғымаров бұл жеңісін місе тұтар емес. Ол күні бүгіннен бастап тағы да  қызу дайындыққа кіріспек.  Себебі балуанды  желтоқсан айында  «Еуразия барысы» сайысы күтіп тұр.  Қазақ күресінен әлемнің абсолютті чемпионына алдағы байрақты бәсекеде  сәттілік тілейміз!

 

 

ҮЛЕС