Шандоз шахар Семейге ат басын бұрған  кез келген шетелдік еліміздің саясатын, экономикасын, жай-күйін  осы мешітке қарап бағалай салатын шығар… Он жыл бойы ащы ішекше созылған істің аяқсыз қалғаны ащы шындық! Тура көлік айналмасында  көрер көзге тікендей қадалып, қашан көрсең моңғолдың моласындай шашылып жатады. Теңдесіз мешіт саламын  деп теңгесі жетпеген  түріктерден кейін, таяуда көмір дауы өлімге апарған, атауы қазақша болғанымен қызығын шетел көрген «Қаражыраның» қарекеті де қарабет болды. 2008 жылдан бастап ағылған инвесторлардан иек артар ешкім болмады. Мидай былыққан бұл істің соңғы нүктесін қоюға –  қазаққа қазақ ғана  жақсылық жасайды деген ақиқат фабуласын  тағы бір дәлелдеп  “TAS Group” компаниялар тобының бас директоры Дулат Тастекеев келді. Алмағайып күн кешкен Алланың үйі жайында  атымтай азаматпен сұхбат құрыстық.

  – Армысыз аға! Алдымен мешіт жобасына тоқталсаңыз?

– Жоба бойынша, мешіт құрылысына бөлінетін жалпы қаржының көлемі – шамамен 500 миллион теңге. Ғимараттың ауданы 3000 шаршы метрдей болады. Мешіттің негізгі күмбезінің биіктігі – 30 метр, төрт мұнарасының биіктігі – 35-40 метрдей, күмбездері алтыннан болады.

Діни кешеннің жертөлесінде қатымхана болады, бірінші қабатында мешіттің негізгі ғибадат залы, құран оқитын, мешіттің қызметкерлеріне арналған бөлмелер, ал екінші қабатта әйелдердің ғибадатына арналған бөлмелер орналасады. Жалпы, жобамыз бойынша бұл мешітке 2500 адам еркін сыйып кетуі тиіс. Көлік тұрағының сыйымдылығы – шамамен 700 автокөлік.

–  Автокөлік демекші, қала тұрғындарын мына сұрақ толғандырады. Айналма жолдың ортасында тұрғаннан кейін мешітке кіріп-шығу барысында көлік кептелісі туындамайды ма?

– Жалпы, мешіт шеңбердің ортасында тұрғаны рас. Кептелісті болдырмау үшін, қазірден бастап әкімшілікпен келісіп отырмыз. Мешіттің аумағына, көлік болсын, жаяу жүргінші болсын, кіру-шығу мәселесін қала әкімшілігі толықтай өзі реттеп, мешіттің жанынан арнайы жолақ жасап, ыңғайластырады. Жоба бойынша, айналма жолдың үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған екі аспалы көпір түседі.

– Мешіт құрылысы толықтай қашан аяқталады?

– Бастапқыда нысанды, аманшылық болса, 2019 жылдың ішінде аяқтап үлгереміз деп ойлаған едік, бірақ мешіт құрылысына қажетті темір конструкцияларды орнатуға келген кезде біраз қиындыққа тап болып, мұндай темірдің өзін табу оңай емес екендігіне көзіміз жетті. Қазір біз темір конструкцияларын Павлодардан, ал жобасын Астанадан жасатып отырмыз,  кейбір қажетті құрылғыларды арнайы тапсырыспен Ресейден алдыру қажет, себебі бізде ондай конструкциялар шығарылмайды. Міне, осындай себептермен құрылыстың аяқталу уақыты аздап кейінге шегерілді, бірақ 2020 жылдың жазында мешітті салып бітіреміз деген үмітіміз бар.

Осы уақытқа дейін ғимараттың құрылысына жүз адамдай жұмылдырылды, қазір бірінші қабаттың кірпіші толықтай өріліп бітті, екінші қабатты бастап кеттік. Мұнараларын негізгі ғимарат біткеннен кейін көтереміз. Қазіргі уақытта мешіттің 35-40% бітіріп қойдық.

Биыл өзі қыс ерекше болып тұр. Семей қаласында көптен бері мұндай жылы ауа-райы болмаған деп құрылысшыларымыз да ризашылығын білдіріп жатыр. Мүмкін, Алла Тағала жар болған шығар, біз әлі күнге дейін құрылыс жұмыстарын тоқтатқан жоқпыз, жұмыс қазір де жүріп жатыр: кірпіші өріліп, металл конструкциялары дайындалуда.

Егер қатты суық түсіп, Семейдің қақаған қысын көрсек, жұмысты тоқтатып, консервация жасауға тура келеді, қолдан келгенше тоқтатпауға тырысамыз. Құрылыс тоқтаса да, қыста бітіретін жұмысымыз әлі де көп – мешіттің ішін әрлеу жұмыстары бар, эскиздері бар, осының бәрін мұқият ойластыру қажет.

– Сіздің қаржылай қолдауыңызбен 2009 жылы Тарбағатай ауданының Екпін ауылында мешіт салынды. Ал 2016 жылы  аудан орталығы Ақсуат ауылында  жаңа мешіт бой көтерді. Семейдегі діни кешен құрылысы сіз қолдау танытқан  жобалардың ең көлемдісі ме?

 – Осы уақытқа дейін біздің жүзеге асырған қайырымдылық, әлеуметтік, қоғамдық жобаларымыз көп. «Асылтас» қоғамдық қорының жұмысы жайлы естіген боларсыздар.  Бірақ Семейдегі мешіттің құрылысы демеушілік нысандардың ең көлемдісі екені рас. Бұл жоба – тек ең ірі, қаржы жағынан ең көлемді жоба ғана емес. Семейдің орталық мешітін салу – біз үшін өте жауапты жұмыс, бұл нысанның осыған дейін бірнеше жыл бойы тоқтап, бітпей тұрғаны белгілі. Бізге қазір бүкіл Семей жұртшылығы үмітпен қарап отыр. Мойнымызға алған міндеттің жауапкершілігін түсінеміз, сондықтан ел үмітін ақтауға тырысамыз.

Әңгімеңізге рахмет! 

ҮЛЕС